«ҚазТрансГаз» АҚ экологиялық және энергетикалық тиімділігі рейтингінде 2-ші орын алды
Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ Қазақстанның ең ірі компанияларының фундаментальдық (экологиялық-энергетикалық) тиімділігі рейтингінде 2-ші орын алды.
Рейтинг Ресей мен Қазақстан экономикасының нақты секторының 5733 кәсіпорны мен компаниясын бағалау арқылы жинақталған, бұл ретте біздің ел алғаш рет Топ-150 қатарына қосылып отыр.
Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы (ҚЭҰҚ) ұйымдастырған ЕуроАзЭС аясындағы бизнеспен конструктивті әріптестіктің нәтижесінде объективті бағалауға қол жеткізілді. Ең ірі компаниялар тізіміне тек бас холдингтер ғана емес, сондай-ақ олардың құрамына кіретін еншілес ұйымдар да енгізілген. Іріктеу тұтынылған энергия, түсімдер көлемдері мен жұмыспен қамтылған персонал саны бойынша жүзеге асырылған.
Фундаментальдық тиімділік рейтингіне арналған іріктеу заттай (қаржылық емес) бірліктермен өлшенген көрсеткіштердің негізінде есептелетін бес өлшем бойынша жүргізілген. Бұл энергиялық-ресурстық тиімділік, технологиялық немесе экологиялық тиімділік, экожүйелік тиімділік және тиімділік динамикасы – 2005 жылдан кейінгі кезеңде тиімділіктің санмен көрсетілген өзгерісі. Тағы да бір маңызды бағалау өлшемі – есептіліктің айқындығы, ол компанияның есептерінде немесе өзге де қолжетімді көздерде көрсетілген көрсеткіштер үлесі бойынша айқындалады.
Қазақстандық компаниялар арасында ең жоғары орынды «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, екінші орынды «ҚазТрансГаз» АҚ (58-ші) және үшінші орынды «Теңізшевройл» ЖШС (59) алды.
2018 жылғы шілде айында Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы, Интерфакс-ЭРА агенттігі мен «Жасыл» технологиялар және инвестициялық жобалар халықаралық орталығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жобаның мақсаты – Қазақстан бизнесінің экологиялық-энергетикалық жауапкершілігі мен Қазақстан өңірлерінің экологиялық тиімділігі рейтингтерін және оларды жария ету, экологиялық ақпаратты ашудың өзектілігі, сондай-ақ бизнестің экологияға әсері жөнінде талдамалық есептер дайындау және қоршаған ортаның жай-күйін жақсарту жөніндегі тетіктерді іздестіру үшін ақпараттық науқан ұйымдастыру.