Жаңалықтар

Мемлекет басшысы «Бозой» жер асты газ сақтау қоймасындағы «Газды құрғату қондырғысын» іске қосты

06.12.2017

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе облысындағы қайта жаңғыртылып салынған «Бозой» жер асты газ сақтау қоймасында «Газ құрғату қондырғысын» пайдалануға енгізді. Газ инфрақұрылымының объектісін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мемлекеттік индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы шеңберінде салды. Жаңа нысанды іске қосу Мемлекет басшысының қатысуымен өткен елді индустрияландыру Күніне арналған дәстүрлі телекөпір кезінде тікелей эфир арқылы өтті.   

Қазақстандық газдың тұрақты тасымалын қамтамасыз ету үшін және жылыту маусымы кезінде елдің оңтүстік өңірлерінде газ тапшылығын болдырмау мақсатында «Бозой» жер асты газ қоймасын  ауқымды реконструкциялау жүзеге асырылуда.  

Жоба шеңберінде газ сапасын арттыру, бөтен қоспалардан және ылғалдан тазарту үшін газ сақтау қоймасының технологиялық схемасы қазіргі заманғы «Газды құрғату қондырғысымен» жарақтандырылды.

Жүргізілген жұмыс объектінің тиімділігін және қауіпсіздігін арттырды, сондай-ақ тәулігіне 27 миллион текше метрге дейін газ алу мен айдауды қамтамасыз етті. Газ сапасы жақсарып, өнімділік ұлғайды және газды жер астына айдау мен оны қайта алу уақыты 200 күннен 150 күнге дейін қысқарды.  

Объектіні пайдалануға енгізу рәсімі өткен соң Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, бүгін еліміз үшін өте маңызды мәселе шешілді деп атап өтті және газшыларға атқарған жұмыстары үшін алғыс айтты. «Қазақстан, мұнай және газ шығаратын ел бола отырып, көптеген жылдар бойы газды көршілес елдерден алуға мәжбүр болды,- деді ел Президенті, – бірақ бұл проблема «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырын салып біткеннен кейін шешіліп отыр. Енді газбен ішкі нарықты толықтай қамтамасыз ете отырып, біздің газ экспорты үшін көкжиекті кеңейтуге мүмкіндігіміз бар. Бұрын қысқы кезеңде оңтүстік өңірлерінің жұртшылығы қыс уақытында жаурап отыратын.

Мемлекет басшысы, үкімет газды тұрақты жеткізіп тұру үшін бар күшін салды. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры осы күрделі сұрақтардың шешімі болып отыр, бұл жоба өте қажетті әрі дер кезіндегі  жоба. Бүгін елді газдандыру мәселесін шеше отырып, біз газды экспорттауға кірісеміз. Ендігі жерде біз Қашаған, Теңіз, Қарашығанақ сияқты кен орындарының арқасында экспорттық газ жеткізуді үдететін боламыз. Бірақ біз құрғақ тауарлық газды сатып қана қоймай, оны қайта өңдеуді де жолға қоюымыз қажет және алынған өнімді экспорттау да керек. Бұл дегеніміз халық үшін де, еліміз үшін де өте маңазды жоба.

Қондырғы «Бұқара-Орал» және «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырлары арқылы «Бозой» газ сақтау қоймасынан алынатын табиғи газды Ақтөбе облысының және оңтүстік өңірлердің тұтынушыларына тасымалдау қуатын арттырады және жылыту мауысымында сапалы, үздіксіз газбен жабдықтауды қамтамасыз етеді. Бұдан басқа, Ресей Федерациясына, Өзбекстан Республикасына және Қытай Халық Республикасына тауарлық газдың халықаралық транзиті қамтамасыз етілетін болады.   

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес компаниясы «ҚазТрансГаз» АҚ жүзеге асырған инвестициялық жоба өзінің көлемі мен өнімділігі бойынша бірегей кешен болып табылады. Бұған дейін газ саласында осындай инфрақұрылымдық нысан Қазақстанда салынған емес. Жобаны іске асыру барысында Еуропадан және Украинадан әкелінген ең жаңа қазіргі заманғы жабдықтар пайдаланылды.

Нысанды іске қосу рәсімінде «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Мұхатай Шаңбатыров атап өткендей, газды құрғату қондырғысы магистральдық газ құбыры бойындағы ең ірі объектілердің бірі болып есептеледі: «Осы жоба арқылы тәуліктік өнімділік артады, ал газ сапасы  халықаралық стандарттарға сәйкес болады. Өз кезегінде, магистральдық газ құбырларын пайдалану мерзімі де ұлғаяды» – деді Мұхатай Шаңбатыров. – Енді қоймадан алынған газ «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбыры  арқылы жіберіліп, ол Бұл еліміздің оңтүстік өңірлерінің сұранысын  «көк отынмен» толықтай жабуға мүмкіндік береді, елдің оңтүстік өңірлерінің «көгілдір отын» қажеттілігін және отандық газдың Қытайға экспортталуын толық қамтамасыз етеді».

 

Анықтама:

Ақтөбе облысының Шалқар ауданында орналасқан «Бозой» жер асты газ сақтау қоймасы (бұдан әрі – ЖАГҚ) Қазақстан Республикасындағы ең ірі нысан болып табылады. Сақтау қоймасы Бозой тобына жататын «Жаманқоянқұлақ» және «Жақсықоянқұлақ» сақтау қоймаларынан тұрады. Жаңажол кен орнында өндірілген газ «Бұқара-Орал» магистральдық газ құбыры арқылы тасымалданып  «Бозой» ЖАГҚ-ға сақтауға түседі. Стратегиялық маңызы бар «Бозой» ЖАГҚ негізгі  міндеті – ел ішіндегі газ тұтыну кезінде болатын маусымдық ауытқуларды  реттеу болып табылады. «Бозой» ЖАГҚ-да  бекітілген жобалық газ сақтау көлемі –  4,0 миллиард текше метр газ. Газды терең қабаттарда (350-385 метр) сақтаған кезде жер қойнауындағы судың әсерінен ылғалдану процессі жүреді және ол газдың сапасына кері әсер етеді.  


Соңғы жаңалықтар