Жаңалықтар

Қазақстан Президенті газ саласын дамыту жөнінде кеңес өткізді

17.06.2021

НұрСұлтанда бейнеконференция байланысы арқылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен газ саласын дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті.

ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, «Теңізшевройл» ЖШС Бас директоры Кевин Лайон баяндама жасады. Кеңеске «ҚазТрансГаз» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев қатысты.

Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, кеңесті ашқан Мемлекет басшысы газ саласының еліміз үшін және әлемдік энергетикалық жүйе үшін маңыздылығын атап өтті.

– Газ саласы әлеуметтік-экономикалық дамуда маңызды орын алады. Елде газ тұтыну жыл сайын артып келеді, бірақ газ өндіру қарқыны бұл өсуге сәйкес келмейді. Өнеркәсіптік нысандарды газға көшіру бойынша жаңа жобалар іске қосылуда. Көгілдір отынды тұтынатын халық саны өсуде. Сондықтан газға деген сұраныс тек өседі. Ұсыныс сұранысты қанағаттандыруы тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кеңеске қатысушылардың баяндамаларын тыңдаған Президент саланы дамыту мен басқарудың қолданыстағы моделі жаңартуды талап ететінін атап өтті.

Тәуелсіздік жылдары ашылған көмірсутек шикізатының негізгі қорлары мұнай кен орындарынан табылды. Каспийдегі газ кен орындарын барлау мен игеруде іс жүзінде даму жоқ. Сондықтан геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу арқылы газдың ресурстық базасын кеңейту Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры үшін басымдық болып табылады», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Оның пікірінше, саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға ерекше назар аудару керек. Қазіргі кезде жер қойнауын пайдаланушылар газ өндірісін ұлғайтуға және газ өңдеу қуаттарын салуға мүдделі емес. Үкіметке газ өндірісіне инвестиция тарту тәсілдерін әзірлеу тапсырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, енді «ҚазТрансГаз» ұлттық газ компаниясы болады және геологиялық барлаудан бастап түпкілікті өнімді сатуға дейінгі барлық тізбек бойынша қызметті жүзеге асыратын болады. Президент «Самұрық-Қазынаның» «Қазтрансгазға» жаңа кен орындарын пайдаланудың басым құқығын беру жөніндегі ұсынысын дұрыс деп санайтынын атап өтті.

– Сонымен бірге, Үкімет мұндай құқық берудің барлық аспектілері мен шарттарын мұқият қарастыруы керек. Газ кен орындарын монополияландырмау аса маңызды. Үкімет тәуелсіз инвесторлардың газ кен орындарын дербес барлауы және игеруі үшін жағдай жасауы тиіс. Жоғарыдан төмен интеграцияланған газ компаниясы тұжырымдамасын табысты іске асырған жағдайда, Үкімет «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп, 2022 жылдың өзінде-ақ «ҚазТрансГаз»-ды IPO-ға шығару, оның ішінде Халықтық IPO мүмкіндігін зерделеуі тиіс. Бұл қаржы нарығын айтарлықтай жандандырады және азаматтарға елдің газ саласының игілігін көруге  мүмкіндік береді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы ішкі газ нарығындағы баға белгілеуді жетілдіруді басым мәселелердің бірі деп атады. Оның айтуынша, өңірлерді белсенді газдандыру газ тұтынудың артуына алып келді. Соңғы бес жылда ішкі нарық 40 % – ға, газды тұтыну көлемі 12-ден 17 миллиард текше метрге дейін ұлғайды. Ал Қазақстандағы газ бағасы – ТМД елдері арасындағы ең төмен бағалардың бірі болып қалып отыр..

– Бұған дейін мен газ тарифтерін өңірлер бойынша икемдеу және халықты қолжетімді газбен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берген едім. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру керек. Бір сөзбен айтқанда, халықтың әлеуметтік осал топтарын, сондай-ақ газ бағасына сезімтал экономика салаларын қорғаудың ойластырылған жүйесімен бірге баға белгілеудің жаңа, түсінікті және ашық моделі қажет. Бұл мәселені Үкімет  1 қыркүйектен кешіктірмей шешкені дұрыс,-деп тапсырды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Газ тасымалдау жүйесін жаңғырту үшін Президент Үкімет пен Әл-ауқат қорына қосымша қаржыландыру көздерін табуды, соның ішінде экспорттан мүмкін, жекешелендіруден түсетін табысты қолдануды тапсырды.

Қазақстандағы газдандыру жұмысына ерекше назар аударылды, газдандыру деңгейі қазір 53% – дан асты. Газдандырылған аймақтар арасындағы алты аймақтың газдандырылған көрсеткіші 90% – дан асты. Сонымен қатар, Президент елорданы, Қарағанды және Ақмола облыстарын газдандыру жұмыстары белгіленген мерзімнен артта қалып отырғанын атап өтті.

– «Сарыарқа» магистралды газ құбыры 2019 жылы уақытылы пайдалануға берілді. Бұл әлеуметтік маңызы бар жалпыұлттық жоба экологиялық жағдайды жақсартуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Әкімдіктердің асықпауына байланысты тұрғын үйді нақты газдандыруды аяқтау мерзімі кейінге қалдырылуда. Сондықтан Үкімет нақты мерзімдермен, индикаторлармен және жауапты тұлғалармен осы өңірлерді газдандыру жоспарын қайта пысықтауы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев елдің солтүстігін, атап айтқанда, Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарын газбен толық қамтамасыз ету ерекше назар аударуға лайық деп санайды. Газдандыру осы өңірлердің өнеркәсіптік дамуына елеулі серпін беруге, бизнес жүргізу мен тұрғындардың өмір сүру деңгейін неғұрлым тартымды етуге қабілетті.

– Бұл мемлекеттік маңызы бар мәселе. Біз солтүстігімізді толық газдандыру үшін «Сарыарқа» магистральдық газ құбырын жалғастыруымыз керек немесе ресейлік газ тасымалдау жүйесіне қосылуымыз керек. Әр нұсқаның оң және теріс жақтары бар. Үкімет өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, жақын арада таңдау жасауы керек, – деді Президент.

Президент бүкіл әлемде тұрақты үрдіс – өнеркәсіп пен экономиканың декарбонизациясы байқалып отырғанын тағы да еске салды. Қазақстан да, өз кезегінде 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізетіні туралы мәлімдеген болатын.

– Зиянды қалдықтарды шығаруды нөлдік көрсеткішке жеткізу -құрылымдық өнеркәсіптік және экономикалық өзгерістерді талап етеді. 2030 жылға қарай газ өндіру көлемін бір жарым есе – 21-ден 33 миллиард киловатт-сағатқа дейін арттыруды тапсырамын. Газ елдің энергетикалық балансының кемінде төрттен бірін алуы керек. Менің тапсырмама сәйкес, осы уақытқа дейін жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 15% – ды құрауы тиіс. Осылайша, ағымдағы онжылдықтың соңына қарай елдегі электр энергиясының жартысына жуығы экологиялық таза көздер есебінен өндірілетін болады, – деп қорытындылады сөзін Мемлекет басшысы.


Соңғы жаңалықтар